Өмірдерек

Құрал Көмек 1958 жылы, 23 қазанда Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. 10 жылдық №29 В.И.Ленин атындағы, қазіргі №51 Төле би атындағы  мектепті 1976 жылы бітірген. Екі бірдей жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған. (Қостанай ауылшаруашылық институты мен Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті).

1981-1983 жылдары Кеңестер одағының әскери қызметінде болған. 1983-1988 жылдары аралығында ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған. 1989 жылдан бастап мектепаралық оқу бірлестігіне ұстаздық қызметке ауысып, осы мекеменің басшысы болып сайланған.

Балаларға арналған «Бағдаршам» әліппесі,  «Ай туып келеді», «Бөрілерге гипотеза», «Мен –даланың ұлымын»,«Баба рухы – гольфстрим ағысы», Түркияның Шанаққала шайқасының 100 жылдығына орай жазылған «Сенім жеңісі» жыр жинақтарының, «Дүние түріктерінің» және  «Бауыржан маршының» авторы. Өлеңдері түрік,ағылшын, орыс, араб тілдеріне аударылған. 

Қазақстан Республикасының  білім беру саласының құрметті азаматы, «Бір өлең – бір сурет» конкурсының, «Темірқазық түнгі кітапхана» әдеби клубтарының идеялық авторы. «Ой туындылар» фестивалінің бірінші деңгейдегі жүлдегері. 2013 жылы Түркияда «Мен даланың ұлымын» поэмасы Халықаралық Физули атындағы сыйлықты жеңіп алды. 2013 жылдың «Үздік ақыны» номинациясының иегері атанған.